Трамп "Үлкен жиырмалықтың" келесі жылғы саммитіне Қазақстан мен Өзбекстан басшыларын шақырмақ

167

Вашингтонның Орталық Азия қарым-қатынасты тереңдетуге ұмтылысы күшейіп келеді. 

Трамп "Үлкен жиырмалықтың" келесі жылғы саммитіне Қазақстан мен Өзбекстан басшыларын шақырмақ Фото: BBC

АҚШ президенті Дональд Трамп келесі жылы Құрама Штаттарда өтетін "Үлкен жиырмалық" (G20) саммитіне Қазақстан мен Өзбекстанды шақыруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Бұл қадам республикалық әкімшіліктің Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасты тереңдетуге ұмтылысын көрсетеді.

Трамп бұл жоспарын сейсенбі күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен және Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен жеке-жеке телефон арқылы сөйлескеннен кейін жариялады.

Қазақстан да, Өзбекстан да G20 мүшесі емес, алайда жыл сайын өтетін ірі экономикалар басшыларының саммитін қабылдаушы мемлекет көбіне ұйымға мүше емес елдерді де шақырады. 2026 жылғы жиынды Трамптың Флорида штатындағы Майами қаласы маңындағы гольф клубында өткізу жоспарланып отыр.

"Екі елмен де қарым-қатынасымыз тамаша", – деп жазды Трамп әлеуметтік желідегі парақшасында.

Қазақстан мен Өзбекстан басшылары өткен айда Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан лидерлерімен бірге Вашингтонға барып, Дональд Трамппен келіссөздер өткізді.

Ақ үй әкімшілігі Орталық Азияға ерекше назар аудара бастады. Бұл өңір пайдалы қазбалардың мол қорына ие және әлемдік уран өндірісінің шамамен жартысын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар АҚШ үкіметі бүгінде смартфондар, электр көліктері және жойғыш ұшақтар сияқты жоғары технологиялық өнімдерге қажетті сирек жер металдарды іздеуді күшейтіп отыр.

Айта кетсек, Орталық Азияның стратегиялық маңызы зор пайдалы қазбалар экспорты ұзақ уақыт бойы Қытай мен Ресейге бағытталып келді.

Өткен айдағы сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Авраам келісімдеріне қосылатынын мәлімдеді. Бұл келісімдер – Трамп әкімшілігінің Израиль мен араб және мұсылман елдері арасындағы байланыстарды нығайтуға бағытталған бастамасы.

Көбіне символикалық мәнге ие бұл мәміле Трамптың бірінші президенттік мерзіміндегі басты сыртқы саяси жетістігі саналған бастаманы қайта жандандыруға ұмтылысы аясында жасалып отыр. Осы келісімдер аясында оның әкімшілігі Израиль мен Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн және Марокко арасында дипломатиялық әрі коммерциялық байланыстар орнатуға қол жеткізгені белгілі.

Дональд Трамп өткен айда Оңтүстік Африканы келесі жылы Майами маңында өтетін саммитке қатысудан шеттететінін және биылғы кездесуде АҚШ үкіметінің өкілін құрметтемегені бұл елге арналған барлық төлемдер мен субсидияларды тоқтататынын ескертті.

Трамп сондай-ақ биыл Оңтүстік Африка қабылдаған саммитке АҚШ үкіметінің делегациясын жібермеуді жөн көргенін айтты. Оның сөзінше, мұндай шешімге "Оңтүстік Африкадағы ақ нәсілді африканерлер зорлық-зомбылыққа ұшырап жатыр" деген уәж себеп болған. Алайда ондаған жылдар бойы нәсілдік апартеид жағдайында өмір сүрген Оңтүстік Африка бұл айыптауларды негізсіз деп, оны ресми түрде жоққа шығарғаны мәлім.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу