АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэланың уақытша басшысы Делси Родригеске үндеу жолдады. Оның айтуынша, егер Родригес Вашингтонмен ынтымақтасудан бас тартса, салдары ауыр болуы мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
DW агенттігінің жазуынша, жексенбі күні Дональд Трамп The Atlantic басылымына сұхбат берді. Ақ үй басшысы Венесуэланың уақытша президенті Делси Родригес АҚШ-пен ынтымақтастықтан бас тартса, "Мадуроға қарағанда әлдеқайда ауыр салдарға әкелуі мүмкін" екенін айтқан. Оның сөзінше, Родригес АҚШ-тың қалауын орындайтын болса, Венесуэлада АҚШ әскерінің болуына еш қажеттілік болмайды. Трамп Вашингтонның қорғаныс мақсаттары үшін Гренландияны бақылауда ұстауы қажет екенін де жеткізген.
3 қаңтарда Венесуэланың Жоғарғы сотының шешімі бойынша вице-президент Делси Родригес елдің уақытша басшысы атанды. Бұған дейін АҚШ-тың арнайы жасақтары Каракаста Венесуэла президенті Николас Мадуро мен оның жұбайы Силия Флоресті ұстап, оларды Нью-Йоркке әкеткен болатын. Вашингтон Мадуроны есірткі терроризміне қатысы бар деп айыптап отыр.
Сондай-ақ, Дональд Трамп Мадуро мен оның әйелі ұсталғаннан кейін Венесуэланы уақытша басқару АҚШ әкімшілігінің қолына өтетінін мәлімдеген еді. Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, бұл міндетті АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио өз қолына алуы мүмкін. Сол кезде Трамп Родригестің АҚШ-пен ынтымақтастыққа дайын екенін айтқан болатын. Бірақ та, Венесуэланың уақытша президенті мемлекеттік телеарнадан сөйлеген сөзінде Николас Мадуроны елдің жалғыз заңды президенті деп атаған.