Флорида штатының Оңтүстік округінің федералды соты 2024 жылғы сайлауалды науқан кезінде АҚШ президенті Дональд Трампқа қастандық жасамақ болғаны үшін Райан Уэсли Рутты өмір бойына бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
2025 жылдың қыркүйек айында сот Рутты айыптаудың бес бабы бойынша кінәлі деп таныған. Олардың қатарында президенттікке үміткерге қастандық жасауға әрекеттену, федералды қызметкерге шабуыл жасау, қару мен оқ-дәріні заңсыз сақтау сияқты айыптаулар бар. Рут өз кінәсін мойындаған жоқ.
Fox News телеарнасының хабарлауынша, Рут оқиғаға дейінгі бір ай бұрын Украинадан зымыран қондырғысын сатып алмақ болған. Айыптаушы тарап Руттың қастандық жасау әрекеті аяқ астынан болмағанын, оған кемінде жарты жыл бойы дайындалғанын алға тартты. АҚШ-тың бұқаралық ақпарат құралдары айыпталушының бірнеше мәрте Украина Қарулы күштерімен байланысқа шыққанын, 2022 жылдан кейін Украинаға сапарлар жасағанын да жазған.
2024 жылғы 15 қыркүйекте Федералды тергеу бюросы Флорида штатындағы Палм-Бич қаласындағы Trump International Golf Club гольф-клубы маңында болған атысқа байланысты жаңа тергеу басталғанын хабарлады. Палм-Бич округінің шерифі Рик Брэдшоу Рут жасырынған ағаштардың арасынан оптикалық көздегіші бар AK-47 автоматын, керамикалық пластиналары бар екі рюкзак пен камера табылғанын мәлімдеді.
Айта кету керек, бұған дейін Трамп өз қауіпсіздігіне алаңдайтынын жасырмағанын жазғанбыз.