"Трамптың өзі "Шырмауық Лигасымен" соғысып жатыр": Депутат эндаумент қорларын құрудан келер қауіпті атады

188

Құзырлы министрлік эндаумент қорларының салымшылары құрылтайшы санатына кірмейтінін айтты. 

"Трамптың өзі "Шырмауық Лигасымен" соғысып жатыр": Депутат эндаумент қорларын құрудан келер қауіпті атады Фото: Артем ЧУРСИНОВ

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин эндаумент қорларын құрудан келер негізгі қауіпті атады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Бұл эндаумент қорлары ертең құрылады. Бірақ мынандай бір қауіп бар. Ертең үлкен ақша жиналады, бұл қордың иелері сол мектептердің ішінде дін атын жамылған уағыздарды жүргізу, біздің дәстүрімізге нұқсан келетін кейбір идеологиялық мәселелерді ақша төлеп отырғаннан кейін істеуі мүмкін. Мысалы, Астанадағы ер балаларға арналған "Zharkyn Smart" деген мектеп, Түркістанда қыздардың діни жабық мектептері деген әртүрлі әңгімелер айтылып жүр. Солардың ішінде мемлекеттік стандартпен жұмыс істейміз дейді де, бірақ әр жағында басқа істермен айналысып кетуі мүмкін. Осыны қалай бақылаймыз? Қазір Трамптың өзі "Шырмауық Лигасымен" соғысып жатыр ғой. Ертең бұлар толық тәуелсіз болып, мемлекеттің айтқанын тыңдамай, өздерінің іс-әрекетімен айналысып кетпей ме?", - деп сұрады Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин.

Ғылым және жоғары білім министрінің айтуынша, діни сала қаралып отырған заң жобасының аясынан шығарылған.

"Эндаумент қорлардың халықаралық тәжірибесіне сәйкес, салымшылармен берілген ақша қайырымдылық ретінде есептеледі. Олар білім немесе спорт ұйымына толыққанды береді, олардың құрылтайшы ретінде ешқандай құқығы жоқ. Тек қана сол ұйымды қолдау үшін активтерді береді. Ешқандай тікелей қатысы жоқ. Әрине, бейресми немесе басқа да ықпалы болуы мүмкін. Бірақ заңды түрде шектеу қойылған", - деп жауап берді Саясат Нұрбек.

Осы тұста Еділ Жаңбыршин министрге қосымша сұрақ қойды.

"Иә, мен оны түсініп отырмын. Заңда бәрін әдемілеп жазып қоюға болады. Бірақ егер сол заңды бұзып жатса, қалай біз оларды тексере аламыз? Ондай механизмдер бола ма деген мәселе", - деді депутат.

Саясат Нұрбек нақты ішкі, сыртқы, тәуелсіз аудит жүргізілетінін айтты.

"Салымшылар тікелей ақша берген ұйымға ешқандай әрекет ете алмайды. Құрылтайшы санатына кірмейді. Бізде заңдық тұрғыда нақты тосқауылдар бар", - деді ведомство басшысы.

Айта кету керек, осыған дейін Саясат Нұрбек эндаумент қорлары не үшін керек екенін айтқанын жазғанбыз. Қазақстанда 22 эндаумент қоры бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу