Транскаспий көлік бағытын импорт үшін қолдану тиімді — PTC Holding

433

PTC Holding Оңтүстік-шығыс Азия нарығына шығып, алғаш Оңтүстік Кореядан жүк тасымалдады.

Транскаспий көлік бағытын импорт үшін қолдану тиімді — PTC Holding Фото: portaktau

Компания өкілдері Транскаспий көлік бағытын экспорт дәлізі ретінде ғана емес, сонымен қатар импорт үшін пайдалануды ұсынып отыр, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

"Біз бірінші рет Оңтүстік-шығыс Азия нарығының дәмін татып көрдік. Бұл өте қызықты мысал. Біз альтернативті маршрут арқылы Оңтүстік Кореядан Қазақстанға (Алматы) бірінші жеткізілімді жүзеге асырып үлгердік: контейнер Поти портына келгеннен кейін жүк темір жол арқылы Алматыға жеткізіледі. Сонда біздің байқағанымыз, транизиттік мерзім де, жеткізу ставкасы да бәсекеге қабілетті болып шықты", — деді "PTC HOLDING" ЖШС басқарма төрағасы Тимур Қарабаев "Көлік және логистика нарығы" конференциясында сөйлеген сөзінде.

Мемлекет басшымы Транскаспий көлік бағытын (ТКБ) дамытуға тапсырма берді. Себебі сол арқылы Қазақстанның транзиттік, экспорттық әлеуетін көтеруге болады, бірақ ТКБ арқылы Қара теңізге шыққанда жүк тасымалдаушы тасымалдау бағасының қымбатшылығымен бетпе-бет келеді.

"…әрине, мәселені тарифтерді төмендету арқылы шешуге болады. Ол белгілі бір нарықтық механизмдерді қажет етеді. Қымбатшылық сонда неден болып тұр? Жүкпен толтырылған кеме қайтар жолда бос қайтады, бұл артық шығын. Ал егер Оңтүстік-шығыс Азияда Қазақстан мен Орта Азияға шығатын жүк базасы пайда болса, қайтар жолда да жүк тасымалданатын болады. Бұл өз кезегінде дәліздің жүйесін түбегейлі өзгертеді. Өйткені бұған дейін біз ТКБ-ға "экспорттық дәліз" ретінде ғана қарап келдік, ал енді біз оны импорт жолы ретінде қолдансақ болады. Пандемиядан кейін енді басымызды көтерген сәтте Қазақстан үшін ТКБ-ны барынша ұтымды қолдану маңызды", — деп түйіндеді спикер.

Транскаспий халықаралық көлік бағыты Қытайдан Еуропаға: Қазақстан арқылы Каспий теңізімен Әзірбайжанға, Грузияға, Түркияға және одан әрі ЕО елдеріне өтеді.

2023 жылғы қаңтар-маусымда ТКБ бойынша тасымалданған жүктердің көлемі 1,3 млн тоннадан асты. Бұл 2022 жылдың бірінші жартыжылдығына қарағанда 77,2%-ға көп.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу