Ресейдің Туапсе қаласындағы мұнай өңдеу зауытына дрон сынықтары құлап, өрт шықты.
Бұл туралы Краснодар өлкесінің жедел штабы Telegram-арнасында хабарлады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты ресейлік РБК басылымына сілтеме жасап.
Оқиға салдарынан ешкім зардап шекпеген.
"Өртті сөндіруге 122 адам мен 39 техника жұмылдырылды. Оның ішінде Краснодар өлкесі бойынша Ресей ТЖМ күштері де бар", – делінген хабарламада.
Туапсе қаласының мэрі Сергей Бойко дрон шабуылы қаупі жарияланғанын мәлімдеді. Ол шамамен 4 сағаттан астам уақытқа созылды. Шаһардағы мектепте уақытша орналастыру пункті ашылды.
Новороссийск қаласының мэрі Андрей Кравченко да түн ортасы кезінде қалада дрон шабуылы қаупі жарияланғанын хабарлады. Ескерту өз күшінде тұр.
28 сәуірге қараған түні Кубань өңіріндегі үш әуежайда, атап айтқанда, Краснодар, Геленджик және Сочи әуежайларында рейстерге уақытша шектеу енгізілді. Кейін барлық әуе айлағы жұмысын штаттық режимде жалғастырды.
16 және 20 сәуір күндері Туапсе қаласындағы теңіз терминалы шабуылға ұшыраған болатын. Оқиға салдарынан нысан аумағында ірі өрт шыққан. Кейін қала порты маңындағы теңізде көлемі шамамен 10 мың шаршы метр болатын мұнай дағы анықталды.
Сондай-ақ Туапсе өзеніне мұнай өнімдерінің түскені тіркелді.