Түлкібаста 5 баланың әкесін ауылдастары пышақтап өлтірген

221

Кенже сәбиінің дүниеге келгеніне әлі 40 күн де толмаған.

Түлкібаста 5 баланың әкесін ауылдастары пышақтап өлтірген Фото: Бейнежазбадан

Түркістан облысының Түлкібас ауданында 32 жастағы ер адам ауылдастарымен кездескеннен кейін қаза тапты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Желідегі мәліметтерге сүйенсек, марқұмның жақындарының айтуынша, 19 шілде күні таныстары оған қайта-қайта қоңырау шалып, сыртқа шығуға көндірген. Бейнебақылау камерасындағы жазбада сол кеште бес адамның оны соққыға жыққаны көрінеді.

Қайтыс болған азаматтың жұбайының сөзінше, шабуылдан кейін белгісіз адамдар күйеуінің телефонынан қоңырауларға жауап беріп, туыстарын әдейі жаңылыстырған.

Оның айтуынша, ер адам мойнынан пышақ жарақатын алған. Сонымен қатар денесінде көптеген соққы іздері мен саусақтарының сынғаны анықталған.

Марқұмның туыстарының мәліметінше, қайғылы оқиғадан кейін 10 күннен астам уақыт өтсе де, тек бір ғана күдікті қамауға алынған. Қалғандары әлі бостандықта жүрген көрінеді.

Марқұмның артында жұбайы мен бес кішкентай баласы қалды. Кенже сәбиінің дүниеге келгеніне әлі 40 күн де толмаған.

Отбасының айтуынша, қылмыстық іс "Адам өлтіру" бабы бойынша тергеліп жатыр. Марқұмның жақындары істің жан-жақты әрі әділ тергелуін және оқиғаға қатысы бар барлық адамның заң алдында жауапқа тартылуын талап етуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу