Аптап ыстықта өмір сүретін Африка сомын таулы Түлкібас өңірінің шаруалары қолға алып, бұлақ суында өсіріп жатыр, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Арнайы бассейнде мекен етіп жатқан балық Ресейден әкелінген. Бүгінде 100 мыңға жуық шабағы бар шаруашылықта балыққа қажетті жағдайдың барлығы жасалған.
Мәселен, оларға арнайы жем дайындалып, қоректендіріледі. Сонымен қатар, судың температурасын бірқалыпты сақтау үшін бассейнге арнайы жылу жүйесі орнатылған.
Арнайы күтіп-бапталып өсірілген бір балықтың өзі 120 келіге дейін ет береді. Жерсінбей өсіп келе жатқан Африка сомын Төле би ауданы мен Түркістан, Шымкент қаласының тұрғындары сұраныс білдіріп, сатып алған. Шаруашылықтың негізгі мақсаты – шабақты қолдан көбейтіп, облыс халқын ерекше балық етімен қамтамасыз ету.
Шаруашылық иесінің айтуынша, сом жайлы мәліметті интернеттен оқып, тіпті Ресей балықшыларымен тәжірибе алмасқан. Алдағы уақытта шаруашылық мемлекеттен берілетін несиеге қол жеткізіп, шаруашылық жұмысын әрі қарай дамытуды жоспарлап отыр.
Жалпы Түлкібас ауданында бұрындары теңіздің ащы суында өсетін бекіре мен форель балықтарын өсірсе, енді міне африкалық сом өсіруді қолға алып отыр.