Түнде ішімдік сатуға шектеу қою туралы бастама заңнамалық негізде ұсынылып отыр

1580

Көңіл көтеруге арналған орындарда сағат 00.00-ден кейін ішімдік ішкендер көшеге және қоғамдық орындарға шығып алып, қылмыс жасайды.

Түнде ішімдік сатуға шектеу қою туралы бастама заңнамалық негізде ұсынылып отыр

Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті жергілікті полиция басқармасының басшысы Ғұсман Жакин елордадағы барларда сағат 23.00-ден кейін ішімдік сатуды шектеу бастамасы қандай сатыда тұрғанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Бұл сұрақ біршама талқыға түсті. Расында да, мұндай бастаманы көтердік. Жұмыс бүгіннен басталған жоқ, талдау ұдайы жүргізіліп отырады. Сайып келгенде, көңіл көтеруге арналған орындарда сағат 00.00-ден кейін ішімдік ішкендер көшеге және қоғамдық орындарға шығып алып, қылмыс жасайды", – деді ол полиция департаментінде өткен баспасөз мәслихатында.

Басқарма басшысының айтуына қарағанда, тиісті бастама заңнамалық негізде ұсынылып отыр.

"Департамент бастығы ұсынысты заңнамалық негізде жолдады. Мұндай сұрақты полицияның өздігінен шеше алмайтыны белгілі. Заңнамалық негіз керек. Осы ұсыныспен бұрын әкімдікке де, ішкі істер министрлігіне де шыққанбыз", – деді Ғұсман Жакин.

Оның айтуына қарағанда, мереке және демалыс күндері тәртіп бұзушылықтар жиі тіркелетіндіктен, полиция амалсыз аталмыш орындарға полиция жасағын қоятын көрінеді. Сол себепті, ішімдікті сағат 23.00-ден кейін сатуға шектеу қою бастамасы әлі күшін жоймаған. Десе де, басқарма басшысы осынау қатаң шара барлық барлар мен ресторандарға, клубтарға қатысты болмайтынын айтып отыр.

"Біз толықтай шектеу қою керек демейміз. Бірақ, тәртіп бұзушылық жиі болатын әрі білікті күзет қызметі жоқ, дабыл орнатылмаған, бейнебақылау камерасы жоқ орындармен жеке жұмыс жүргізу керек деп есептейміз. Ал тыныш орындарда басқаша жұмыс жүргізіледі", – деді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу