Құрылтай депутаты Кендебай Адамбек өзінің депутаттық сауалында түнгі уақытта қоғамдық тәртіпті бұзған мотоцикл мен автокөлік жүргізушілеріне жазаны қатаңдату мәселесін көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қалалардың орталық көшесінде мотоциклдер мен тюнинг жасалған автокөліктердің жүргізушісі рұқсат етілмеген жарысты жиі ұйымдастырады. Олар жылдамдықты асырып, пиротехника қолданып, тұрғын үйлер орналасқан аумақта әдейі қатты шу шығарады. Бұл мәселе жол қозғалысы ережесін бұзу шеңберінен шығып, қоғамдық қауіпсіздікке қатысты мәселеге айналды. Сонымен қатар азаматтардың тынығуына, түнгі тыныштығына теріс әсер келтіреді", – деді Кендебай Адамбек.
Депутат құқық бұзушылар көп жағдайда жауапкершіліктен тыс қалатынын айтты. Оның айтуынша, мұндай құқық бұзушылықтар өте сирек тіркеледі. Көп жағдайда шара азаматтардың шағымынан кейін ғана қабылданады.
"Мәселені шешудің бір жолы – шу деңгейінің шамадан тыс көтерілуін автоматты түрде тіркейтін акустикалық жүйе орнату. Шетелде мұндай тәсілдер қолданылады. Мысалы, АҚШ-та автоматты акустикалық камералар пайдаланылады. Кей жағдайда көлікті тәркілеу де қарастырылған. Германия мен Францияда түнгі рейдтер өткізіліп, арнайы жылжымалы зертханалар қолданылады", – деп атап өтті спикер.
Кендебай Адамбек қолданыстағы жазаның тиімділігіне қатысты мәселе бар деп отыр.
Депутаттың мәліметінше, түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны үшін 5 АЕК, яғни 21 625 теңге айыппұл салынады. Мұндай жаза құқық бұзушылықты тоқтатуға жеткілікті әсер етпеуі мүмкін, дейді ол.
Осыған байланысты депутат бірқатар ұсыныс тастады:
- Рұқсат етілген шу деңгейінің асып кетуін автоматты түрде анықтау үшін арнайы акустикалық құрылғылар мен шу өлшегіштерді фото және бейнетіркеу жүйесіне біріктіру бойынша пилоттық жобаны іске қосу.
- Түнгі заңсыз жарыстардың жолын жедел кесу және көліктердің шығару жүйесіне заңсыз өзгерістер енгізілгенін тексеру үшін патрульдік полиция мен учаскелік инспекторлардан тұрақты бірлескен экипаждар құру.
- Көлікке заңсыз енгізілген техникалық өзгерістер толық жойылғанға дейін құқық бұзушының көлік құралын арнайы тұраққа қою.
- Түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны үшін белгіленген жазаның оның салдарына және азаматтардың қалыпты өмір сүруіне тигізетін әсеріне қаншалықты сай келетінін қайта қарау.
- Жолдағы құқық бұзушылықтарды ұсақ бұзақылық ретінде саралаудың нақты тәртібін әзірлеу. Бұл ретте қоғамды әдейі және ашық түрде құрметтемеудің нақты белгісін, сондай-ақ дәлелдемелерді жинау тәртібін белгілеу.
Айта кету керек, бұған дейін Олжас Бектенов түнде қатты шу шығаратын жүргізушілерге қатаң шара қабылдауды тапсырғанын жазғанбыз.