Тұрғындар жылдап тосқан таунхаустың қаңқасы ғана тұр

413

Ал, Тараздық тұрғындар өздеріне тиесілі үйге кіре алмай, далада қалудың сәл-ақ алдында тұр. 

Тұрғындар жылдап тосқан таунхаустың қаңқасы ғана тұр Фото: Яндекс

Бүгінде 3 жыл бұрын сән-салтанатпен кілті берілуі тиіс баспананың тек қаңқасы ғана бар. Сорақысы сол, енді "компания сыртымыздан үйімізді  сатпақ" деп күдіктенеді. 

Жұрт жарнамасы жер жарған компания қызметіне 4 жыл бұрын ұрынған.  Шетелдік типке сай таунхаус болады деген соң, 20-30 пайыз жарнасын табуға жанталасқан. Бірі пәтер сатқан, бірі несие алған. Алайда үміт бір жылдан соң үзіледі. 

Тұрғындар жауапты компаниямен 2019 жылы келісімшартқа отырған. Таунхаус 1 жылда толық бітуі тиіс еді. Әуелгіде әр үй құны 15-16 млн тг бағаланған. Ал бұқара ақысын 10 жылға бөліп-төлеуге келіседі. Бірақ компания жоспарын әуелі пандемия бұзады. Инфляция мен құрылыс материалдары қымбаттап, жағдай тіптен ушығады. 

Тұрғындар айма-ай төлемді қазір тоқтатқан. Өйткені құрылысы тоқтап тұр. Шымбайды шымшып тұрғаны компанияның жаңа келісімшарты екен. Шығынға батқан жауапты енді үй құнын аспандатып жіберіпті. 

Жаңа бағаға келіспеген бұқара соттасып үлгерген. Көптің күдігі тіпті сыртымыздан сата ма деген қауіп. Өйткені кейбір үй құжаты әлі жоқ. Сорақысы құйылған қаржы қайтпай қала ма деп қорқады. 

Ал жауапты тарап үй құнын көтеруге толық құқым бар дейді. 20 пайыздық инфляция шығынға батырған. Сырттан сату, көшіртуді негізсіз дейді. Компания енді 1 үй құнын кемі 30 млн тг-ге бағалап отыр.   

Қызығы қалалық әкімдік қос тарап қақтығысынан бейхабар боп шықты. Тіпті құрылыстың заңды екеніне күмән келтіріп, алаяқтық болуы мүмкін дейді.  

"Бұл жақта қағаздарды зерделеу барысында алаяқтық жағдайлар болған жағдайда біз құқықтық органдарға жолдаймыз", дейді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Нұрбол Қалдыбаев.

Әбден ушыққан әлеумет мәселесімен енді апта соңына дейін әкімдік заңгерлері айналысады. Келісімшарт негізі, құрылыс жобасы, төленген әр түбіртек жеке дара тексерілмек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу