Түркияның B. ERGÜNLER және OYTAŞ компаниялары Шығыс Қазақстан облысындағы инфрақұрылымдық жобаларға қатысуға ниетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл мәселе облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановпен өткен кездесуде талқыланды.
Кездесуге түрік компанияларының өкілдерімен бірге олардың қазақстандық серіктесі – "Omer-S" ЖШС өкілдері қатысты. Тараптар жолдар, көпірлер, жолайрықтар мен энергетикалық нысандар құрылысы бағытындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастырды.
Түрік компанияларының портфелінде Анкара–Сивас жоғары жылдамдықты теміржол желісінің жекелеген учаскелері, автомобиль жолдары мен тоннельдер құрылысы, сондай-ақ су, жел және күн электр станцияларының жобалары бар.
Ал "Omer-S" компаниясы Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының (БАКАД) құрылысына және ірі өнеркәсіптік нысандардағы жұмыстарға қатысқан.
Кездесу барысында инвесторлар Шығыс Қазақстандағы құрылыс жобаларын жергілікті компаниялармен бірлесіп жүзеге асыруға дайын екендерін білдірді. Ынтымақтастық консорциум құру, бірлескен кәсіпорын ашу және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктері арқылы жүзеге асуы мүмкін.
Өңір басшысы түрік мамандарының құрылыс саласындағы тәжірибесін атап өтіп, облыстың инфрақұрылымын дамыту бағытында өзара тиімді серіктестік орнатуға мүдделі екенін жеткізді.
"Шығыс Қазақстан – өнеркәсіптік әлеуеті жоғары аймақ, ал Қазақстан мен Түркия арасындағы тығыз қарым-қатынас іскерлік байланысты одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. Біз ұсынылған әр жобаны мұқият зерделеп, алдағы уақытта бірлесе жұмыс істеуге әзірміз", – деді аймақ басшысы