Танымал түрік актері қызыл кілемге шығып, жанкүйерлерімен кездесті, деп жазады inbusiness.kz сайты Lada.kz басылымына сілтеме жасап.
Ақтауда түркі халықтарының халықаралық кинофестивалі басталды. Фестиваль 1 қазанда ашылып, 4 қазанға дейін жалғасады. Шараның ашылуында актер сөз сөйлеп, қонақжайлық көрсеткен қазақ халқына алғысын жеткізді.
Қала тұрғындары мен қонақтары актерді қызыл кілемнен көрді. Ұйымдастырушы Балжан Әмірғазиеваның айтуынша, салтанатты шара "Достық үйі" алдындағы алаңда өткен.
Бүгін, 2 қазанда Бурак Өзчивитпен кездесу жоспарланған. Онда жанкүйерлер актерге сұрақ қоя алады. Кездесуге қатысу үшін алдын ала аккредитациядан өту қажет. Тек алғашқы 200 адам ғана қатысу мүмкіндігіне ие болады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальдің ең жарқын оқиғаларының бірі – Өзчивиттің келгені. Бұл шара түркі елдерінің кинематографистері мен көрермендерін біріктіреді.
Бурак Өзчивит – Түркияның ең танымал актерлерінің бірі. Ол "Ғажайып ғасыр", "Қаракөз бұлбұл", "Мәңгілік махаббат" және "Османның қайта өрлеуі" сияқты сериалдардағы рөлдері арқылы әлемдік танымалдылыққа қол жеткізді.
Кинофестиваль Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымының (ТҮРКСОЙ) бастамасымен ұйымдастырылған. Іс-шара Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Түркия және Өзбекстанның ұлттық кино ұйымдарын біріктіреді.
Бұған дейін фестиваль Стамбұлда, Бурсада, Шушада және Анауда (Ашхабад) өтті. 2025 жылы алғаш рет Қазақстан түркі мемлекеттерін қабылдады. Себебі Ақтау қаласы биыл түркі әлемінің мәдени астанасы мәртебесіне ие болды. Бұл жолы жиынға алғаш рет Мажарстаннан да мамандар қатысып жатыр.
Ал, 4 қазанда фестивальдің жабылу салтанаты өтіп, жеңімпаздар марапатталады. Қазылар алқасы "Үздік көркем фильм", "Үздік режиссер", "Үздік сценарий", "Үздік актриса" және "Үздік актер" номинациялары бойынша жеңімпаздарды анықтайды. Бұған қоса, ТҮРКСОЙ-дың "Түркі мәдениетіне қосқан үлесі үшін" арнайы сыйлығы да табысталады.