Туристер Павлодарда қанша қаржысын қалдырды?

Биыл өңірге 100 мыңға жуық демалушы келген. 

Туристер Павлодарда қанша қаржысын қалдырды? Фото: Валерий Бугаев

Павлодар облысындағы Баянауыл жері тұмса табиғатымен туристерді тартады. Жазғы уақытта мұндағы Жасыбай, Сабындыкөл және Торайғыр көлдерінің жағасында демалуға келетіндердің қарасы да аз емес, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Ресми дерек бойынша, биыл облыстың көрікті жерлерінде шамамен 100 мың турист демалған. Олардың бес пайызы – шетелдік азаматтар. Көп жағдайда бұл демалыс аймағына Павлодар облысының тұрғындарымен қатар, Астана қаласы, Қарағанды, Ұлытау облыстары мен Ресейдің азаматтары келеді. Демалушыларға жергілікті кәсіпкерлер 2 млрд теңге болатын қызмет түрлерін көрсетті.

Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаевтың пайымынша, Баянауылдың әлеуеті одан да жоғары. Туристік маусым кезінде мұнда 400 мың адамға дейін қабылдайтын қауқар бар. Тек сол межеге жету үшін қызмет көрсету орындарын көптеп ашып, олардың сапасын жақсартып, туристерге тың ұсыныстар жасай білу керек. 

"Павлодар облысында туризм саласына құйылатын инвестицияның артқаны көңіл қуантады. Соңғы бір жыл ішінде бұл көрсеткіш 430%-ға көбейіп, 16 млрд теңгені құрады. Өңірде жалпы құны 2 млрд теңге болатын 12 жоба жүзеге асып жатыр", - деді вице-министр. 

Бұған дейін туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев та туризм саласына құйылған инвестициялардың өсімі бойынша Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Алматы облыстарымен қатар Павлодар облысында да ең көп өсім барын атап өткен болатын. 

Айта кетейік, облыс аумағында туристер 127 қонақ үйге жайғаса алады. Мұнда барлығы 9 мың төсек-орын бар. Бірақ ол да пандемиядан кейін қайта түрлене бастаған туризм саласына аздық етуі мүмкін. Сондықтан жергілікті туристік қауымдық өкілдері осы салаға да инвестициялар тарту қажеттігін атап өтті.

Одан бөлек, өңірде туристік орталық ашу, туристік агенттіктерді сақтандыру сынды мәселелерді шешу қажет. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу