Яғни, Интерпол мен Еурополға серіктес Түркпол пайда болады. Бұл мәселе Астанада өткен түркі мемлекеттері Ішкі істер министрлерінің III отырысында көтерілді, деп жазады inbusiness.kz сайты "24KZ" телеарнасына сілтеме жасап.
TürkPol – атауының өзі айтып тұрғандай, түркі елдеріне ортақ құрылым. Бұл ұйым Еуропадағы Europol, халықаралық деңгейдегі Interpol секілді қылмысқа қарсы күресте түркілердің өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді.
Бастамаға Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстан тараптары қолдау білдірді.
Алдымен түркілердің қылмысқа қарсы күрес кеңесі құрылады. Оның аясында трансшекаралық қылмысқа, лаңкестік мен есірткі айналымына, заңсыз көші-қон, құмар ойындарына қарсы бірлескен іс-қимыл жолға қойылмақ. Ал Түркпол осы ынтымақтастық одан әрі жүйелеудің келесі тетігі ретінде қарастырылып отыр.
– Бұл құрылым іздеуде жүрген адамдарды анықтау үшін ортақ жүйе құруға жол ашады. Бұдан бөлек, құқық қорғау органдары қызметкерлерін оқыту, заңнамамен алмасу және әлеуетті арттыру сияқты көптеген бағыттағы ынтымақтастығымыз үшін берік негіз болады деп сенеміз. Келіссөз үдерісін аяқтап, құжатты келесі айда Анкарада Түркі елдері басшыларының отырысында қабылдауымыз мүмкін, – деп мәлімдеді Түркияның Ішкі істер министрі Мұстафа Чифтчи.
Былтыр Түркі мемлекеттері ұйымының полиция академиясы платформасы, қысқаша ТүркПАП тетігі күшіне енді. Қазір тұрақты жұмыс істеп тұр.
Жиында сонымен қатар Түркі елдері арасында жеке куәлікпен сапарлау мүмкіндігін енгізу мәселесі де талқыланды. Қазір мұндай тәртіп Түркия мен Әзербайжан, Түркия мен Солтүстік Кипр Түрік Республикасы арасында қолданылады. Енді осы тәжірибені өзге түркі мемлекеттеріне енгізу көзделіп отыр.
Министрлер деңгейінде көтерілген бұл ұсыныстар келесі айда Анкарада өтетін Түркі мемлекеттері ұйымы көшбасшыларының саммитінде қаралады.
