Түркістан облысында 400 млн текше метрге жуық су заңсыз пайдаланылған

111

Тексеру кезінде 140 гектардан астам жердің рұқсатсыз суарылғаны белгілі болды. 

Түркістан облысында 400 млн текше метрге жуық су заңсыз пайдаланылған Фото: agrodoctor.livejournal.com

Су ресурстарын заңсыз пайдалануға қарсы бағытталған рейдтік шаралар барысында 20-дан астам азаматтың құқық бұзушылық әрекеттері анықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Шардара су қоймасының оңтүстік бөлігінен ұзындығы шамамен 3,7 шақырым, тереңдігі 1–1,4 метр болатын қолдан қазылған арық табылды. Сондай-ақ су қоймасынан арнайы сорғыш құралдар арқылы су алып отырған 20-дан астам азаматтың әрекеттері заңсыз деп танылды.

Тексеру кезінде 140 гектардан астам жердің рұқсатсыз суарылғаны белгілі болды. Құқық бұзушылар Алтай, МТЗ тракторлары мен КАМАЗ, Mercedes көліктерінің қозғалтқыштарын пайдаланып, сағатына 480 текше метрге дейін суды заңсыз алып отырған. Жалпы көлемі 414 миллион текше метрге жуық су рұқсатсыз пайдаланылған.

– "Заң мен Тәртіп" қағидаты негізінде полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен жергілікті полиция қызметі және арнайы жасақтан құралған мобильдік топ құрылған болатын. Аталған топ Су ресурстарын қорғау инспекциясымен бірлесіп жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізіп жатыр.

Анықталған деректер бойынша жиналған материалдар Арал – Сырдария бассейндік инспекциясына жолданады. Құқық бұзушыларға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 141-бабы бойынша заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады, – делінген Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу