Түркістан облысы полиция департаменті ресми түсінік берді, деп жазады inbusiness.kz сайты "Қазақпарат" агенттігіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, баланың анасы ұлының зорланған болуы мүмкін екенін айтып, арызданған.
Аталған жайтқа байланысты сотқа дейінгі тергеу басталған.
– Отырар ауданы тұрғынының кәмелетке толмаған ұлына қатысты болуы мүмкін құқыққа қайшы іс-әрекеттер бойынша жазған арызына сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Алғашқы тергеу іс-шараларының нәтижесінде заңсыз әрекеттер анықталмады, баланың денесінен жарақаттар табылған жоқ, – делінген ресми ақпаратта.
Қазіргі таңда барлық мән-жайларды анықтауға бағытталған қажетті іс-шаралар жалғасып жатыр. Қосымша сараптамалар тағайындалған. Полиция өкілдері тергеу нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес шешім қабылданатынын хабарлады.
Сонымен қатар тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейтінін және азаматтарды тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырды.