Түркістан облысында Қазығұрт аудандық орталық ауруханасына медициналық жабдық сатып алуға бөлінген 117 млн теңге бюджет қаражатын жымқыру дерегі анықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тергеу мәліметінше, аурухананың бұрынғы бас дәрігері мен кәсіпкер реанимациядағы науқастарды оттегімен қамтамасыз ету жүйесін сатып алуға бөлінген қаражатты жымқыру схемасын ұйымдастырған.
Олар медициналық жабдықтың бірыңғай кешенін бірнеше бөлек тауарға бөліп, сатып алуды өздеріне бағынышты компаниялар арқылы нарықтағы бағадан жоғары құнмен рәсімдеген. Алайда жабдықты жеткізу және орнату жұмыстарын іс жүзінде басқа ұйым атқарған.
Қылмыстық жолмен алынған қаражаттың бір бөлігі жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсалып, ол туысының атына рәсімделгені анықталды.
Сот үкімімен аурухананың бұрынғы бас дәрігері 8 жылға, ал кәсіпкер 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұдан бөлек, мемлекет кірісіне Астанадағы пәтер мен екі автокөлік тәркіленді.
Айта кетейік, сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.