Түркістан облысының Сауран ауданында BMW көлігімен дрифт жасаған 20 жастағы жүргізуші жауапқа тартылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Құқық бұзушылық әлеуметтік желілердегі бейнежазбаларды бақылау барысында анықталған.
Полиция қызметкерлері бейнежазбаны зерделеп, жүргізушінің жеке басын анықтады. Оған қатысты төрт бап бойынша әкімшілік материалдар рәсімделді.
Атап айтқанда маневр жасау қағидаларын бұзу, жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарын сақтамау, қоғамдық тәртіпті бұзу және көлік құралдарын пайдалану талаптарын орындамау деректері бойынша материалдар рәсімделді.
Автокөлік арнайы айыптұраққа қойылып, іс сотқа жолданды. Сот шешімімен жүргізушіге айыппұл салынды.
Полиция жолда дрифт жасау мен қауіпті маневрлерге жол бермеуге шақырды. Мұндай әрекеттер жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.