Түркістан облысында ер адам 15 жыл отасқан әйелін "көзіме шөп салдың" деп балғамен ұрып өлтірген

126

Түркістан облысы, Сайрам ауданы Қарамұрт ауылында отбасылық жанжал қанды қылмыспен аяқталды.

Түркістан облысында ер адам 15 жыл отасқан әйелін "көзіме шөп салдың" деп балғамен ұрып өлтірген Фото: azattyq-ruhy.kz

56 жастағы ер адам 45 жастағы әйелін балғамен ұрып өлтіріп, кейін өзіне қол салған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оқиға кезінде олардың 4 баласы үйде болған. Балалар жағдайды өз көздерімен көріп, көршілерінен көмек сұраған. Көршілері жеткенде әйел қансыраған күйде жерде жатқан.

"Балғаның басына сіңілімнің шашы жабысқанын өз көзіммен көрдім. Мұрны сынған, бас сүйегінің бір бөлігі ішке кіріп кеткен", – дейді марқұмның әпкесі.

Марқұм әйелдің ағасының айтуынша, күйеу баласы қылмысқа дейін туыстарына аудиожазба жіберіп, "жұбайы опасыздық жасады" деп күдіктенгенін жеткізген. "Бөтен ер адамның көлігінде жүрген" деген қауесетті алға тартқан. Алайда әйелдің туыстары бұл айыпты жоққа шығарып отыр.

15 жылға жуық отасқан ерлі-зайыптылардың 4 баласы бар: үлкені – 13 жаста, кенжесі 4 жаста және ерекше күтімді қажет етеді. Отбасы негізінен сол жәрдемақымен күн көрген. Ер адам жұмыссыз жүрген.

Марқұмның жақындары әйелдің денесінде ауыр азаптаудың іздері болғанын айтады.

"Денесінде сау жер қалмаған, басын сүйреткенде құм мен тас денесіне кіріп кеткен. Бұлайша жауыздықпен өлтірудің қажеті жоқ еді. 4 баласы шырылдап қалды ғой", – дейді әпкесі.

Қайғылы оқиғадан кейін балалар мемлекет қамқорлығына алынды. Әйелдің туыстары оларды өз қарауына алуға дайын екенін жеткізді.

"Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәліметтер бойынша, жергілікті тұрғын үй жағдайында жұбайына дене жарақатын салған. Салдарынан ол қайтыс болған. Осы оқиғадан соң ер адам қылмыстың себептерін сипаттайтын аудиожазба қалдырып, өзін-өзі өлтірген", – деп хабарлады Түркістан облыстық Полиция департаменті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу