Түркістан облысында ерте егілген қырыққабат сәуірдің ортасында өнім бере бастайды

1331

Өнімдер негізінен Ресейге экспортталады.

Түркістан облысында ерте егілген қырыққабат сәуірдің ортасында өнім бере бастайды

Бүгін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Жетісай ауданына арнайы іссапармен келіп, бірқатар шаруақожалығындағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысты, деп хабарлайды Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

Ең алдымен өңір басшысы Ш.Ділдәбеков ауылдық округі Сырабат ауылындағы Хамит Тұрсынбековтың "Ынтымақ-10" шаруа қожалығына атбасын бұрды. 

Қожалық биыл 3 гектар жерге ерте көктемгі қырыққабат отырғызса, 5 гектар жерін бақша егуге дайындап отыр екен. Қырыққабат дақылы сәуір айының ортасында алғашқы өнімін бере бастайды. Мұндағы өнімдер негізінен Ресейге жөнелтілмек.

Шаруа қожалығының тыныс-тіршілігімен танысқан Өмірзақ Естайұлы көктемгі ерте егілетін дақылдардың тиімділігі мол екенін және мұндай егіс көлемін жыл санап арттыру қажеттігіне тоқталды. 

"Жалпы Жетісай ауданында ерте көктемгі дақылдар егу үрдісі бұрыннан бар. Осы істі мықтап қолға алған жөн. Өйткені, ерте егістіктің пайдасы жылыжайдан да тиімді болуы мүмкін. Сондықтан осы жайтты да ескерген жөн. Сонымен қатар, ерте егілетін егістікке қажетті полиэтилен өнімдерін қайта өңдеу ісіне де мән беруіміз қажет",– деді Өмірзақ Естайұлы.

Өңір басшысы мұнан соң Ж.Ералиев ауылдық округіндегі "Нұралы жол" шаруа қожалығының егістік алқаптарындағы агротехникалық шаралардың барысымен де танысты.  Бүгінде қожалық иелігінде 497 гектар егістік жер бар. Биыл қожалық 197 гектар жерге мақта, 188 гектарға бақша дақылдарын, 92 гектарға жоңышқа, 20 гектарға дәндік жүгері   егуді жоспарлап отыр.

Облыс басшысы сондай-ақ Ж.Ералиев ауылдық округіндегі "Кернеу – лимитед" ЖШС-нің К-30 каналындағы бетондау жұмыстарымен танысты.  Бұл жұмыстардың тапсырыс берушісі – "ҚазСушар" республикалық мемлекеттік кәсіпорыны.  Жобаның жалпы құны – 6 078 225,1 мың теңгені құрайды. Қазіргі таңда игерілгені   3 342 085,8 мың теңгеге жетіп отыр. 2012 жылы бастау алған нысанның құрылысы 2020 жылы аяқталады деп күтілуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу