Түркістан облысында "Машканалды" механикалық тазалау басталды

116

Тазарту жұмыстары шілденің 25-іне дейін толығымен аяқталады деп күтіліп отыр.

 Түркістан облысында "Машканалды" механикалық тазалау басталды Фото: gov.kz

Диқандарды қосымша суармалы сумен қамтамасыз ету үшін "Қазсушар" РМК Түркістан филиалы "Машиналық әдіспен су көтеру каналын" механикалық тазартуды бастады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Су ресурстары және ирригация министрлігі мәліметінше, бұл жұмыстарға жергілікті филиалдың техникалары жұмылдырылып, Сырдария өзенінен ГНС-1 сорғы станциясына су жеткізетін каналдың 2,6 шақырымы тазартылып жатыр.

Нәтижесінде сорғы станциясы қалыпты жұмыс істеп, "Достық" каналына қосымша секундына 10 текше метр су жіберіледі. Сонымен қатар каналды тазарту "Достық" мемлекетаралық каналының төменгі бөлігіндегі шаруа қожалықтарын сумен қамтамасыз ету сапасын жақсартып, "Қазсушардың" Түркістан филиалына қарасты каналдарындағы су деңгейінің көтерілуіне септігін тигізеді.

"Жүргізіліп жатқан жұмыстар келесі жылы да "Машканалдың" үздіксіз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Механикалық әдіспен тазалау жұмыстарын жылдың басқа мезгілдерінде орындау мүмкін емес, өйткені канал аумағын толығымен су басады, – деді "Қазсушар" РМК Түркістан филиалы директорының орынбасары Серік Тойтанов.

Айта кетейік, еліміздің оңтүстік өңірінде суару кезеңі 20 күнге ерте басталған.

Мұның себебі – жоғары температура мен жауын-шашынның болмауы. Қазіргі уақытта Түркістан облысында суармалы су каналдар арқылы кезекпен беріліп жатыр.

Өңірде ауыл шаруашылығы қажеттілігі үшін су алу көлемі - 2,82 млрд текше метр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу