Түркістан облысында мектептің бұрынғы директоры лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланып, мұғалімдерге заңсыз біліктілік санаттарын беріп, пара алғаны үшін сотталды.
Апелляциялық қайта қараудан кейін ол кінәлі деп танылып, 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сотталушы мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адамға теңестірілген адам бола отырып, лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланып, міндетті тестілеу және аттестаттау комиссиясынан өтпеген мұғалімдерге біліктілік санаттарын заңсыз берген.
– Сотталғанның әрекеті 12 мұғалімге бюджеттен жалпы сомасы 16 млн теңгеден астам жалақыны негізсіз төлеуге әкеп соққан. Бірінші сот қарауы кезінде сотталған адам қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны дәлелденбегендіктен, ақталған, – деп хабарлады құзырлы органнан.
Бас прокуратураның кассациялық тәртіппен енгізген наразылығы бойынша ақтау үкімінің күші жойылды, іс жаңадан апелляциялық қарауға жіберілді.
– Істі жаңадан қарау кезінде сот айыпталушыны лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны және пара алғаны үшін кінәлі деп таныды. Мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, оған 4 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындалды, – делінген хабарламада.