Қазығұртта нөсер жаңбырдан кейін ауданның бірнеше ауылын су басып, сел жүрді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Сел көшелерге тарап, елді мекендердің жекелеген аумақтарын су басқан. Қазір апат салдарын жою жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Оқиға орнына жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдай қызметкерлері жұмылдырылды.
– Мамандар су сорып, лай мен батпақты тазалап, су басқан аумақтарды ретке келтіріп жатыр. Жұмысқа 200-ден астам адам мен 12 арнайы техника тартылған. Бұған дейін 64 маман мен 9 техника жұмыс істеді. Қажеттілікке қарай күш пен құралдар саны көбейтіледі, – деп хабарлады әкімдік.
Ресми мәлімет бойынша, адам қаза тапқан немесе зардап шеккен жоқ. Тұрғын үйлердің қирағаны да тіркелмеген.