Түркістан облысында пластик қалдықтарын қайта өңдейтін зауыт салынып жатыр

353

Кәсіпорын жылына 10 млн дана пластик өнімін шығарып, 70 адамды жұмыспен қамтиды.  

Түркістан облысында пластик қалдықтарын қайта өңдейтін зауыт салынып жатыр Фото: gov.kz

Түркістан облысында өндіріс орындарын көбейту және өңдеу өнеркәсібін дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасуда, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Жетісай ауданына жұмыс сапары барысында пластик қалдықтарын қайта өңдеп, пластик ыдыстарын шығаратын зауыттың құрылысымен танысты.

Құны 2 млрд теңгені құрайтын жобаны "KAZ INVA" ЖШС жүзеге асырып жатыр. Құрылыс-монтаж жұмыстары биылғы желтоқсанда аяқталады деп жоспарланған. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін жылына 10 млн дана өнім өндіріліп, 70 жаңа жұмыс орны ашылады.

Жаңа зауытта пластик қалдықтары қайта өңделіп, ауыл шаруашылығы мен өндіріс саласына қажетті пластик өнімдері шығарылады. Жоба өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттырып, отандық шикізатты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Жетісайдағы 59 гектарлық индустриялық аймақта жалпы құны 30,3 млрд теңгені құрайтын бес өндіріс орны жүзеге асырылуда. Оның екеуі іске қосылса, үшеуінің құрылысы жалғасуда. Барлық жобалар толық іске асқанда мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Облыста инвесторларға қолайлы жағдай жасау мақсатында "Turan" арнайы экономикалық аймағы, 21 индустриялық аймақ және барлық аудан-қалада шағын өнеркәсіптік парктер жұмыс істеп, жаңа өндірістерді дамытуға қолдау көрсетіліп келеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу