Түркістан облысында шегірткеге қарсы күрес басталды

137

Жұмыс наурыз айының басынан жүргізілуде.

Түркістан облысында шегірткеге қарсы күрес басталды Фото: Түркістан облысының әкімдігі

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Сарыағаш және Келес аудандарындағы шегіртке зиянкесінің ошақты аймақтарын аралап, Болжам орталығы мамандарымен күбіршелердің орналасу тығыздығын саралады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Облыста Марокко шегірткесінің күбіршелеріне зерттеу жүргізу 52 900 га аумақта жоспарланған. 

Бүгінгі күнге дейін Арыс қаласы Қожатоғай, Монтайтас ауылдық округтерінің шекаралық аймақтарында 800 га зерттеліп, 18 га аумақта күбіршелер анықталды. Кей аумақтарда 1 м² жердегі тығыздығы 120 данаға жетсе, енді бір алқаптарда 1-данаға дейін кеміген.

Сарыағаш ауданы Әлімтау, Дарбаза ауылдық округтеріне қарасты аумақтарда 200 га зерттеліп, 21 га аумақта күбіршелер анықталды.1 м² жердегі тығыздығы 25-56 дана. Зақымдану деңгейі 14-17%.

Келес ауданы Бозай, Бірлік ауылдық округтеріне қарасты аумақтарда 250 га зерттеліп, 23 га аумақта күбіршелер анықталды.1 м² жердегі тығыздығы орта есеппен 30-60 дананы құрап отыр.

Сонымен қатар, былтырғы күзде тәжірибе ретінде, 1000 гектардан астам ошақты алқаптарда жер жырту (айдау) әдісі қолданылған болатын. Аударылған ошақтарда күбіршелердің зақымдануы 10-15 пайызды құраған.

2025 жылы шегірткелердің тұқым салу кезеңінде 2246 ошақ белгіленген. Мамандар кей алқаптарда күбірше тығыздығы төмендегенімен таралу аумағының ұлғаюы мүмкін екенін мәлімдеуде.

Нұрбол Тұрашбеков аудан әкімдерінің орынбасарларына биылғы жұмыстың да оңай болмайтынын ескертіп, ықтимал тәуекелдер мен оларға қатысты қадамдық әрекет жоспарын шұғыл ұсынуды тапсырды.
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу