Түркістан облысының тұрғыны заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырып, аса ірі көлемде табыс алғаны үшін кінәлі деп танылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қылмыстық істің материалдарына сәйкес, ол заңсыз ойын бизнесінен 20 миллион теңге көлемінде кіріс тапқан.
Сарыағаш аудандық соты оны 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесіп, Қылмыстық кодекстің 63-бабы бойынша жазаны шартты түрде тағайындады.
Апелляциялық сотта прокурордың өтініші қанағатталып, шартты жазаның күшін жою туралы шешім қабылданды.
Сот актілерінің заңдылығын қадағалау барысында заңсыз табыс ретінде алынған 20 миллион теңгенің тәркіленбегені анықталды.
Бас прокуратураның кассациялық шағымы бойынша сот шешімдері өзгертіліп, аталған қаражат мемлекет пайдасына алынған.
Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру қылмысы үшін мүлік тәркіленіп, 4-тен 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылатыны ескертіледі.