Түркістанда ашылатын жаңа зауыт үш облыстан сүт қабылдайды

1855

Түркістан қаласында салынып жатқан "Golden Camel" ЖШС-ның сүт өңдеу зауытына үш облыстың шаруалары сүт өткізе алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Түркістанда ашылатын жаңа зауыт үш облыстан сүт қабылдайды

Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұржігіт Мырзахметовтың айтуынша, түйе және бие сүтін өңдейтін "Golden camel" зауыты қазақ-қытай инвесторларының қаражатына тұрғызылған.

"Мұнда тек Түркістан ғана емес, Қызылорда, Жамбыл облыстарындағы түйе шаруашылығымен айналысатын тұрғындарды кооперацияға біріктіріп, сүттерін зауытқа өткізу көзделген. Біздің есебімізше, қазір Түркістан облысында 29-30 мың түйе, Қызылорда облысында 47 мыңға жуық және Жамбыл облысында 13-15 мың түйе бар", – деді Нұржігіт Мырзахметов.

Оның айтуынша, зауыт жыл соңына дейін іске қосылуы тиіс. Онда тәулігіне 100 тонна түйе және жылқы сүті қайта өңделеді. Сондай-ақ сүт ұнтағы шет мемлекеттерге экспортталады. 

"Зауыт келісімі бойынша, түйе сүтін базар бағасынан 50-100 теңгеге қымбатырақ қабылдайды. Мемлекет тарапынан беріліп жатқан жеңілдіктер, жеңілдетілген неиселер бар. Сол бойынша шаруаларға түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз", – дейді басқарма басшысының орынбасары.

Қазіргі уақытта Түркістан облысында өндірілген 1 млн 800 мың тоннаға жуық өнім экспортқа шығарылады. Облыстың жеміс-жидегі, қауын-қарбызы мен жүзімдері Ресей мен Германияға жеткен. 

"Республикада өндірілетін жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің 13%-ын Түркістан облысы өндіреді. Республика бойынша мақтаның 100%-ы, жүзімнің - 72,5%-ы, бақша өнімдерінің - 60%-ы, жеміс-жидектің - 36%-ы, көкөністің - 24%-ы, сүттің - 13,5%-ы, еттің - 12,3%-ы Түркістан облысының үлесінде", – дейді Нұржігіт Мырзахметов. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу