Түркістанда капсулалы үйлер және сэндвич-панель шығарылып жатыр

Былтыр облыс әкімі Нұралхан Көшеров бастаған өңір делегациясы ҚХР-ға арнайы барып, "Shandong Kamoya" зауытының жұмысымен танысып қайтқан еді.   

Түркістанда капсулалы үйлер және сэндвич-панель шығарылып жатыр Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Сол келісім нәтижелі болып, бүгінде Түркістан облысында "KHAN TAU" брендімен капсулалы үйлер шығарылуда, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Аталған ғимараттарды туристік кешендер мен глэмпингтер, модульдік кеңселер мен мобильді үйлер, көрме павильондары, дала зертханалары және қонақүйлерге пайдалануға мүмкіндік бар. 

Аймақ басшысы Нұралхан Көшеров облыс орталығы маңындағы шағын өндірістік паркке барып, өндірістің жай-күйімен танысқан. 

Шағын өндірістік паркте инвесторлар үшін жаңа ғимараттар салынған. Солардың бірінде "BNK Group" компаниясы Қытайдың "SHANDONG CAMOVA WISDOM CULTURE TRAVEL" компаниясымен бірлесіп, капсулалы экоқонақүйлерді және өзге де инновациялық модульдік нысандарды қамтитын заманауи смарт-құрылыстар өндірісін іске қосып отыр. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 200 данаға дейін дайын өнім шығаруға қауқарлы. 

Аталған смарт-құрылыстарды ішкі туризмді дамыту, туристік кластерлер қалыптастыру, қалалық ортаны абаттандыру, сондай-ақ әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мақсатында пайдалануға болады.

Жоба өңірде жоғары технологиялық өндірісті дамытуға, инвестициялар тартуға және заманауи құрылыс шешімдерін енгізуге бағытталған. 

Сонымен қатар, "BNK Group" компаниясы өз өндірістік базасында заманауи сэндвич-панельдер шығарып жатыр. Жоба аясында тәулігіне 1 000 шаршы метрге дейін дайын өнім өндіруге мүмкіндік беретін жоғары технологиялық өндірістік желі іске қосылмақ. Бұл құрылыс және инфрақұрылымдық жобаларды сапалы құрылыс материалдарымен жедел қамтамасыз етуге жағдай жасайды. 

– Өндірілетін сэндвич-панельдер заманауи талаптарға толық сай келеді. Атап айтқанда, зауытта өндірілген өнім жылу оқшаулау, энергия тиімділігі, беріктік және ұзақ мерзімділік, өрт қауіпсіздігі көрсеткіштері бойынша жоғары сапасымен ерекшеленеді.

Өндірістің іске қосылуы өңір үшін маңызды әлеуметтік-экономикалық мәнге ие. Нәтижесінде 30-ға дейін тұрақты жұмыс орны құрылды. Аталған жоба жергілікті өндірісті дамытуға, импортты алмастыруға, сондай-ақ өнеркәсіптік, азаматтық және аграрлық құрылыс салаларындағы жобаларды қолжетімді әрі сапалы құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуге бағытталған, – делінген Түркістан облысы әкімдігінің ресми сайтында. 

Бұл зауыттар мен өндірістік парктегі ғимараттар құрылысын қадағалаған облыс әкімі осы нысандарға жаңа өндіріс орындарын жедел орналастыру, жобаларды жүзеге асыру бағытындағы жұмыстарды жандандыруды тапсырып отыр. 

Еске салайық, Түркістан маңында отандық өндірісті дамыту және қайта өңдеуді қолдау мақсатында 100 гектар аумақта "Шағын өнеркәсіптік парк" жобасы іске асырылып жатыр. Жоба аясында 152 ғимарат салып, 6 040 жұмыс орнын құру жоспарланған. Жобаның І кезеңінде 40 ғимарат салынып, 32 жоба қосылды. 1 220 жұмыс орны ашылды. Нәтижесінде бюджеттің 1 теңгесіне 8,5 теңге жеке инвестиция тартылған. 

– Жалпы, облыс бойынша жалпы 21 шағын өндірістік алаң құрылып, ғимараттар салу бойынша тиісті жұмыстар жүріп жатыр. Негізгі бағыттар ретінде құрылыс материалдары, жиһаз, пластик және резеңке, химия өнімдері өндірістері мен жеңіл өнеркәсіп айқындалды. Өндірістік парк аумағында жиһаз, жаңбырлатып суғару, сусын, мұздатқыш және құрылыс заттарын, өзге де өнімдер шығаратын зауыттар жұмысын бастап кеткен, – деп хабарлады әкімдік. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу