Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында бауыр трансплантациясы сәтті өтті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Дәрігерлердің мәліметінше, 41 жастағы науқасқа бауыр циррозы диагнозы қойылып, соңғы жарты жылда жағдайы күрт нашарлаған. Портальды гипертензия, асцит сияқты ауыр асқынулар тіркеліп, жүргізілген ем нәтижесіз болған. Осыған байланысты трансплантация науқастың өмірін сақтап қалудың жалғыз тиімді жолы ретінде таңдалған.
Отаға жетекшілік еткен хирург Болатбек Баймаханов бастаған мамандар тобы операцияны сәтті жүргізді. Донор ретінде науқастың 20 жастағы туған қарындасы өз еркімен келісім берген. Ол толық медициналық тексеруден өтіп, донор болуға ешқандай қарсы көрсетілім анықталмаған.
Трансплантация А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы мен облыстық клиникалық аурухананың бірлескен командасының қатысуымен жүзеге асырылды.
Қазіргі уақытта науқастың жағдайы тұрақты. Отадан кейінгі кезең асқынусыз өтіп жатыр, ал трансплантацияланған бауырдың қызметі біртіндеп қалпына келуде.