Түркістан қаласында бірнеше киіз үйден тұратын қонақүй салынатын болды, деп жазады inbusiness.kz сайты. Сонымен бірге шаһар көшелеріне жабайы жүзім отырғызылмақ.
Облыстық әкімдіктің хабарлауынша, қазақы қонақүй Шәуілдір тас жолы бойында салынады. Құрылыс макетінен қаз-қатар орналасқан 11 ақ түсті киіз үйді көруге болады.
Туристік кешен облыста жүзеге асырылатын сәулет жобаларын талқылайтын кеңесте көрсетілді. Жиынды Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өткізді.

Әкімдік мәліметінше, жиында Арыс, Кентау қалаларындағы сәулеттік жобалар және Түркістан қаласында жүзеге асыру көзделіп отырған бастамалар талқыланған. Өңір басшысы жобаларды жүзеге асыру барысында заманауи әрі соңғы үлгідегі тәсілдер мен идеяларды қолдану қажет екенін айтқан.
"Аудандардың кіреберістерін сәндеуде заманауи сәулет үлгілерін ұсыныңыздар. Сәулет-құрылыс саласына жаңашылдық, белсенділік қажет. Жалпы өңірдің дизайн коды Түркістан қаласымен үндес әрі біркелкі болуы керек деп ойлаймын. Өңірдегі туристік нысандар орналасқан аудан, қалалардың кіреберіс тұстарын, шекарадағы кеден бекеттерінің айналасын реттеу қажет", – деді Көшеров.
Сәулет кеңесінің отырысында Түркістан қаласында медициналық орталық, қазақы үлгідегі қонақүй, шағын сәулеттік формалар, билер аллеясын салу және және өзге де жобалар талқыланды.
Бұған қоса, қалада ауқымды іс-шаралар өткізетін заманауи рәміздер алаңын салу, көше бойларына жабайы жүзім өсіріп, жазғы аптапта көлеңке мен саяны көбейту мәселесі де сөз болды. Кентаудағы базар маңын реттеу, Арыс қаласына веложол мен кәсіпкер есебінен жаңа саябақ салу мәселесі де қаралып, тиісті ұсыныстар берілді.