Түркістан облысында бір мезетте 50 мың бас ірі қара мал ұстауға мүмкіндік беретін алып бордақылау кешені жұмысын бастады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Кешеннің ашылу рәсіміне Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қатысты. Нысан Қожатоғай ауылдық округінде орналасқан. Оны "Қайып Ата" компаниялар тобына кіретін "Түркістан Агро KZ" ЖШС жүзеге асырған.
Кәсіпорын жылына 50 мың басқа дейін ірі қара мал бордақылап, 15 мың тоннаға дейін ет өндіре алады. Жоба мал азығын өсіруден бастап, бордақылау, сою, етті өңдеу және дайын өнімді сатуға дейінгі барлық өндірістік кезеңді қамтиды.
Компаниялар тобының құрамында жылына 7,2 мың тонна ет өңдейтін кәсіпорын және қуаттылығы 46 мың тонналық құрамажем зауыты бар. Бұдан бөлек, 1,4 мың гектар жерге жаңбырлатып суару технологиясы арқылы жемшөп дақылдарын егу және 12 мың басқа арналған заманауи мал биржасын салу жоспарланған.
Кешен құрылысы кезінде Аустралияның озық технологиялары пайдаланылған. Қазақстанда 2024 жылдан бері осы елдің етті мал шаруашылығын дамыту тәжірибесін енгізу жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұл модель мал өнімділігін арттырып, өндіріс шығындарын қысқартуға және сауда инфрақұрылымын жетілдіруге бағытталған.
Серік Жұманғариннің айтуынша, Қазақстанның мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндігі мол. Елде кең жайылымдық жерлер, жеткілікті жемшөп қоры, білікті мамандар мен экспорттық әлеует бар.
"Былтыр ет экспорты 100 мың тоннадан асты. Алайда бұл – еліміздің әлеуеті толық пайдаланылды деген сөз емес. Қазір агроөнеркәсіп кешенінің елдің жалпы ішкі өніміндегі үлесі шамамен 6%-ды құрайды. Мал шаруашылығын дамыту, өндіріс көлемін ұлғайту және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу экономикалық өсімнің қосымша көздеріне айналуға тиіс. Алдағы уақытта агроөнеркәсіп кешенінің жалпы ішкі өнімдегі үлесін 10%-ға жеткізу міндетін қойып отырмыз", – деді министр.
Оның сөзінше, Аустралия тәжірибесін енгізу арқылы Қазақстанда ет өндірісін ұлғайтып, саланың экспорттық мүмкіндігін кеңейтуге жол ашылады.