Әлеуметтік желіде тараған видеолар мен жазбаларда шіркейлер таңертеңгі уақытта адамдардың ашық терісін шағып, тұрғындарды тұмшаланып жүруге мәжбүр еткені айтылған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, шіркей ошақтары Арыс қаласы мен Шардара, Отырар аудандарында анықталған. Қазір Отырар ауданында 30 маман мен 11 техника шіркейге қарсы дәрі шашу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Биыл зиянкестермен күреске 1,4 млрд теңге бөлініп, қолданылатын дәрі-дәрмектің көлемі үш есеге артқан. Мысалы, былтыр Сырдария өзеніне 40 тонна биологиялық препарат қолданылса, биыл 120 тонна дәрі сатып алынған. Жоспар бойынша 5 мың гектардан аса аумаққа өңдеу жұмыстары жүргізіледі.
Биолог Гаухар Кемелбекованың айтуынша, жұмыстар 28 наурызда басталған. Қазір дәрілеудің жетінші кезеңі өтіп жатыр. Алғашында өзендерге қауіпсіз биологиялық препарат құйылса, нәтиже болмаған жағдайда елді мекендерде химиялық әдіс те қолданылады. 21 сәуірден бастап ауыл ішінде де дәрілеу жұмыстары басталды. Бұл іске 20-дан аса арнайы техника тартылған.