Түркістанда Қазақстанның Халық әртісі, көрнекті театр және кино актері Құрманбек Жандарбековтің 120 жылдығына арналған І республикалық театр фестивалі басталды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Шараға қатысып жатқан 13 театр ұжымы арнайы қызыл кілеммен жүріп өтіп, оларға құрмет көрсетілді. Олардың қатарында Бекен Римова атындағы Талдықорған драма театры, Астана қаласы әкімдігінің "Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры" бар.
Қазақстан Театрлары қауымдастығының Президенті, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов пен қазылар алқасының төрағасы Еркін Жуасбековтың айтуынша, фестивальдің мақсаты Құрманбек Жандарбековтің шығармашылығын насихаттау. Сондай-ақ театр ұжымдары арасындағы шығармашылық байланысты нығайтып, тәжірибе алмасу.
Қазақ өнерінің тау тұлғасы Асанәлі Әшімов арнайы қонақ ретінде қойылымдарға қатысып, әр қойылымнан кейін қазылар алқасы талқылау жасап, бағасын береді.
Фестиваль 16 қазанға дейін жалғасады.