Түркістандық жылыжай иелеріне қандай қолдау бар?

777

Қазақстандағы жылыжайлардың 70 пайызы Түркістан облысының аумағында орналасқан. 

Түркістандық жылыжай иелеріне қандай қолдау бар? Фото: inbusiness.kz

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірдегі шаруаларға қандай қолдау көрсетіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.      

"Маусымаралық жағдайда бағаның өсімі байқалатыны белгілі. Бұл заңдылық. Енді бағаны тұрақты ұстап тұру үшін не істеуіміз керек? Ең әуелі заманауи қоймалар салуымыз қажет. Қоймалардың саны жеткілікті, бірақ олар талапқа сай емес. Түркістан қаласында заманауи қойманың құрылысы басталды, ендігі жылы оны аяқтаймыз. Сайрам ауданында бар, енді Сарыағаш, Жетісай өңірлерінде тағы да осындай 2 қойманы салу жоспары бар. Сонда бізде маусымаралық бағаны тұрақтандыруға болады", - деді Дархан Сатыбалды тілшілердің сауалына берген жауабында.

Облыс әкімі аймақта көкөніс өнімдерінің өсімі жеткілікті екенін баса айтты.

"Картоп, сәбіз, қырыққабат, пияз – осылардың бәрін өзіміз қамтамасыз етіп отырмыз. Одан бөлек әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізіміне кірмейтін қызанақ, қияр да облыста өндіріледі. Жылыжайлардың 70 пайызы Түркістан облысында орналасқан. Сол себептен осы салаға қолдау көрсетіп, бірыңғай стандартизация жасадық. Одан бөлек көмір мәселесін де шештік, енді шаруалар қатты отынды тікелей көмір разрезінен сатып алатын болады. Бұдан бөлек шаруалардың субсидия мәселесін шешіліп жатыр", - деді аймақ басшысы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Дархан Сатыбалды облыстағы жылыжайлардың әрі қарай дамитынына сенім білдірді. 

"Бүгінде өңірде лимон, сондай-ақ 5 гектар аумаққа банан өсіріліп жатыр. Жақсы көрсеткіштер байқалады. Сондықтан біз қызанақ және қияр өсіруден бөлек, басқа бағыттарды да қолға алып отырмыз", - деп толықтырды Түркістан облысының әкімі.

Айта кету керек, осыған дейін Түркістан облысының Сауран ауданында көкөніс сақтау қоймасының құрылысы басталғанын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу