Түркия 2027 жылы Айға ғарыш аппаратын ұшырады

254

Бұл туралы Түркияның өнеркәсіп және технология министрі Мехмет Фатих Каджыр мәлімдеді.  

Түркия 2027 жылы Айға ғарыш аппаратын ұшырады Фото: Anadolu

Түркия 2027 жылдың алғашқы айларында Айға арналған ғарыш аппаратын ұшыруды көздеп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Министрдің айтуынша, Ұлттық ғарыш бағдарламасы аясындағы Ай миссиясының нақты мерзімі белгіленген. Гибридті қозғалтқышпен жабдықталған аппарат қажетті сынақтардың барлығынан өткен.

"Біз ғарышқа ай аппаратын 2027 жылдың алғашқы айларында ұшырамыз", – деді Каджыр Афьонкарахисарда өткен TÜBİTAK-тың 28-ші аспанды бақылау конференциясында.

Ол Түркияның ұлттық ғарыш технологияларын дамыту бағытындағы жұмыстарын жалғастырып жатқанын атап өтті. Бұған дейін ел BİLSAT, RASAT, GÖKTÜRK-2 және IMECE спутниктерін жасап, алғашқы отандық телекоммуникациялық спутнигі Türksat 6A-ны да орбитаға шығарған.

Анкара ғарыш аппараттарын өз күшімен орбитаға шығару мүмкіндігін қалыптастыруды да жоспарлап отыр. Осы мақсатта Сомалиде ғарыш айлағын салу жобасы жүзеге асырылуда.

Каджырдың сөзінше, экваторға жақын орналасқан ғарыш айлақтары Жердің айналу жылдамдығын тиімді пайдалануға мүмкіндік беріп, ұшыру шығындарын төмендетеді. Ал Таяу Шығыс техникалық университеті базасында құрылатын ғарыш технологиялық паркі Түркияның ұлттық ғарыш экожүйесін дамытуға ықпал етпек.

Министр сондай-ақ 5-9 қазан аралығында Анталияда өтетін 77-ші Халықаралық астронавтика конгресіне тоқталды. IAC 2026 шарасына әлемнің 100-ден астам елінен 10 мыңнан астам қатысушы келеді деп күтілуде.

Түркия бұл халықаралық іс-шараны өзінің ғарыш саласындағы жетістіктерін таныстыруға және халықаралық серіктестікті кеңейтуге пайдалануды жоспарлап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу