Ел билігі туу көрсеткішінің төмендеуімен күресу мақсатында медициналық көрсетілімсіз жоспарлы кесар тілігіне тыйым салмақ, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW басылымына сілтеме жасап.
– 2024 жылы 19 сәуірде "Түркия Республикасының ресми газетінде" жарияланған қаулыда: "Жоспарлы кесар тілігі енді медициналық орталықтарда жасалмайды" деген тармақ бар, – деп жазды басылым.
Денсаулық сақтау министрлігінің шешімінде шағын жекеменшік клиникаларда медициналық көрсеткіштерсіз жоспарлы кесар тілігін жасауға енді рұқсат етілмейтіні жазылған. Алдағы уақытта "ота бөлімі жоқ емханаларда перзентхана бөлімшелерін ашуға мүлде тыйым салынады" делінген де мәліметтер бар.
Сонымен қатар, жаңа ережелер науқастардың деректерін цифрлық құжаттауды және медицина мекемелерінің заманауи қауіпсіздік пен деректердің ашықтығы стандарттарына сай болуын міндеттейді. Медициналық процедуралардың ғылыми ұсынымдарға сәйкес жүргізілуін қамтамасыз ету үшін тұрақты тексерулер жүргізіледі.
Жасыратыны жоқ, Түркияда соңғы жылдары кесарь жолымен босану көрсеткіші өте жоғарылап кетті. Бұл табиғи босануға қарағанда ана мен бала үшін қауіп туғызады. Жалпы, аналардың табиғи жолмен босануын көбейту және медициналық қажеттіліксіз хирургиялық араласуды азайту Түркия үшін маңызды болып отыр.