Түркия Газада 20 далалық аурухана құрмақ

431

Бұдан бөлек контейнерлік кент тұрғызу жоспарда бар. 

Түркия Газада 20 далалық аурухана құрмақ Фото: Anadolu Agency

Түркияның денсаулық сақтау министрлігі Палестина және Мысыр тарапымен жүргізген келіссөздің нәтижесінде Газа аумағында жиырма далалық аурухана салуға уағдаласты. Осы мақсатта түрік делегациясы бүгін Газаға барды, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты түркиялық БАҚ-қа сілтеме жасап. 

Аталмыш далалық ауруханалар Рафах шекара қақпасы мен Эль-Ариш әуежайына жақын аймақта орналасады.  Ал бүгін таңертең жоспарланған далалық аурухананың техникалық-экономикалық негіздемесін жасайтын мамандар Газаға барды.

Дипломатиялық ақпарат көздерінен алынған мәлімдемеде ауруханаларды мүмкіндігінше тезірек пайдалануға беру жоспарланып отырған көрінеді.

Сонымен қатар, Түркияның денсаулық сақтау министрі Фахреттин Кожа Мысырлық әріптесімен жүргізген келіссөз нәтижесінде далалық ауруханалар мен жедел жәрдем көліктерін Газаға жөнелту үшін кез келген уақытта пайдалануға болатын екі кеменің Египет порттарына кіруіне рұқсат берді.

Сондай-ақ, түрік билігі қысқы маусымда Газа халқы паналайтын жер болсын деп контейнерлерді орналастыру жұмыстарын жүргізуде. Айта кетейік, бұл мәселе бойынша және Түркиядан Газаға гуманитарлық көмек жөнелту жөнінде Катар билігімен ынтымақтастық құрылғанын хабарлады.

Бір апта бұрын Анадолы агенттігі Газаның солтүстігіндегі барлық аурухана қызмет көрсете алмайтын халге жеткенін хабарлаған. Осы орайда бүгінге дейін 61 науқас Газадан Түркияға жеткізілді. Қазір олар Анкарадағы ауруханаларда ем қабылдап жатыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу