Түркия Газа секторында атысты тоқтату жөніндегі келісімнің орындалуын бақылау үшін құрылатын жұмыс тобына қосылуға ниетті. Бұл туралы Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.
Ердоған жоғары оқу орындарының 2025-2026 оқу жылының ашылу салтанатында сөз сөйледі. Оның сөзінше, Газаға шұғыл гуманитарлық көмекті жеткізу, тұтқындар мен ұсталғандарды айырбастау, Израильдің анклавқа шабуылдарын дереу тоқтату маңызды мәселенің бірі болып отыр. Анкара халықаралық қауымдастықтың Газа секторын қалпына келтіру ісіне белсенді түрде қолдау көрсетпек.
Бұдан бөлек Түркия атысты тоқтату келісімінің толық орындалуын мұқият қадағалайтын болады.
"Түркия Газадағы геноцидтің тез арада тоқтатылғанын әрі аймақта бейбітшіліктің орнағанын қалайды. Әлемде Газа тұрғындарынан артық бейбіт өмірге, қауіпсіздік пен тұрақтылыққа лайық ешкім жоқ", – деді Режеп Тайып Ердоған.