Түркия парламентінде жаңа Әділет министрінің ант беру рәсімі кезінде депутаттар төбелес шығарды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Euronews басылымының жазуынша, жаңа Әділет министрі ант беріп жатқан кезде оппозициялық партия мен билеуші партияның депутаттары арасында жанжал шыққан. Оппозиция депутаттары Ыстанбұлдың бас прокуроры болып, Әділет министрі лауазымына тағайындаған Акин Гюрлектің парламентте ант беруіне кедергі жасауға тырысқан. Салдарынан қызу пікірталас соңы төбелеске ұласып, депутаттар бірін-бірі итеріп, жаға жыртысқан.
Акин Гюрлек былтыр наурызда Ыстанбұлдың мэрі болған Экрем Имамоғлыны қамауға алу туралы ордер берген болатын. Тиісті шешім Түркия бойынша жаппай наразылықтың тұтануына себеп болған.
"Бұл анттың күші жоқ, себебі оның шарттары сақталмады. Прокурор қызметінен кетпей тұрып, ант қабылдауға болмайды", – деді депутат Мұрат Эмир.
"Риа Новости" агенттігінің жазуынша, осы оқиғадан кейін парламент отырысында үзіліс жарияланды.
Кейін Гюрлек ант беріп, ресми түрде министрлікті басқарды. Бұдан бөлек сәрсенбі күні Түркияның жаңа ішкі істер министрі Мұстафа Чифтчи де ант берді.