Түркия президенті Вильнюсқа барды

646

Ертең Литва астанасы Вильнюста НАТО саммиті басталады.

Түркия президенті Вильнюсқа барды Фото: aa.com.tr

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған НАТО мемлекет және үкімет басшыларының саммитіне қатысу үшін Вильнюс қаласына барды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі trthaber-ге сілтеме жасап. 

НАТО-ның ең маңызды саммиті ертең Литва астанасы Вильнюста басталады. 31 елдің көшбасшыларының күн тәртібінде Ресей-Украина соғысы, Швецияның НАТО-ға мүшелігі және терроризмге қарсы күрес мәселелері тұр.

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған да саммитке қатысып, көшбасшылар сессиясында сөз сөйлейді. Сонымен қатар, саммит аясында әріптестерімен екіжақты келіссөздер жүргізеді деп күтілуде. Ал Ердоған өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Вильнюс қаласына келгені жайлы жазба қалдырды.

"Ертең Вильнюста басталатын НАТО мемлекет және үкімет басшыларының саммитіне қатысуға келдік. Осы сыни уақытта біз НАТО географиясының қорғанысы мен қауіпсіздігі туралы маңызды шешімдерге қол қоямыз.

Вильнюста НАТО-ның терроризмге қарсы күш жігерінің жаңа кезеңіне өту үшін жүргізіліп жатқан жұмыстарға баға береміз. Мен тағы да Түркияға санкциялар мен шектеулер енгізген одақтастарға бұл қателіктен тез арада бас тартуға шақырамын. Швецияның НАТО-ға кіру процесінің одан әргі кезеңі үш жақты меморандумда жазылған тармақтардың орындалуына байланысты. Біз, бізге берілген және қол қойылған барлық уәделердің орындалғанын қалаймыз.

Қауіп-қатер артқан кезеңде одақтастарымызбен бірге Вильнюста альянс үшін маңыздылығымызды атап өткім келеді. Осыған байланысты мына фактіні бөлісейін: НАТО-ға мүше елдердің барлығы дерлік Еуропалық Одақтың мүшелері. Мен Түркияны 50 жылдан астам ЕО қақпасында ұстаған елдерге қайталап айтамын: алдымен Түркияның Еуропалық Одаққа жолын ашыңыз; сонда біз Финляндияға жол ашқанымыздай, Швецияның да НАТО-ға мүше болуын мақұлдаймыз. Литва сапарымыз еліміз, альянсымыз және аймағымыз үшін қайырлы болса екен деп тілеймін" делінген жазбада.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу