Түркия Ресей мен Украинаға Қара теңізде кемелердің шабуылына мораторий жариялауды ұсынды

255

Қазір Анкара Мәскеу мен Киевтің ресми жауабын күтіп отыр.  

Түркия Ресей мен Украинаға Қара теңізде кемелердің шабуылына мораторий жариялауды ұсынды Фото: Reuters

Бұл туралы Түркияның Сыртқы істер министрі Хакан Фидан мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты "Адырнаға" сілтеме жасап. 

Түркия Ресей мен Украинаға Қара теңіздегі коммерциялық кемелерге жасалатын шабуылдарға мораторий енгізуге мүмкіндік беретін арнайы тетік құруды ұсынды.

Хакан Фиданның айтуынша, соғыс қимылдары тек құрлық аумағымен шектелмей, Қара теңізге де таралған. Оның сөзінше, қақтығыстың алғашқы кезеңдерінде порттар мен әскери кемелер нысанаға алынған болса, қазір коммерциялық кемелер де қауіпке ұшырап отыр.

"Сондықтан азаматтық кемелерге шабуыл жасауға мораторий енгізуге мүмкіндік беретін механизм қажет", – деді Түркия Сыртқы істер министрі.

Фиданның мәліметінше, ұсынысты Украина тарапы әзірлеген, ал Түркия оны Ресей өкілдеріне жеткізген. Қазір Анкара Мәскеудің ресми жауабын күтуде. Алайда министр Ресейдің нақты қашан жауап беретінін айтқан жоқ.

Бастама соғысты толық тоқтатуды немесе майдан шебіне қатысты келісімді қарастырмайды. Негізгі мақсат – азаматтық флотты әскери нысандар қатарынан шығарып, коммерциялық кемелердің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету.

Хакан Фидан мұндай ішінара келісімдерге қол жеткізуге мүмкіндік бар екенін бұған дейін де айтқан. 2026 жылғы 16 шілдеде Киевте өткен баспасөз мәслихатында ол теңіздегі қауіпсіздік пен энергетика салаларында мораторий енгізуді ұсынған болатын.

Украина бұл бастаманы қолдап отыр. Сонымен қатар Киев Вашингтонмен келіссөздерден кейін Каспий Құбыр Консорциумының (КҚК) инфрақұрылымына және Ресеймен байланысы жоқ кейбір кемелерге шабуыл жасамауға міндеттеме алған.

Қара теңіздегі қауіпсіздік мәселесі Қазақстан үшін де маңызды. Себебі елдің мұнай экспортының 80 пайыздан астамы Каспий Құбыр Консорциумы арқылы тасымалданады. КҚК-ның негізгі теңіз терминалы Новороссийск маңында орналасқан. Сондықтан Қара теңіздегі әскери қауіптің күшеюі Қазақстанның мұнай экспортына және мұнай тасымалының тұрақтылығына әсер етуі мүмкін.

Егер тараптар коммерциялық кемелерге шабуыл жасамау жөнінде келісімге келсе, бұл Қара теңіздегі азаматтық кеме қатынасының қауіпсіздігін арттырып, Қазақстан мұнайының әлемдік нарыққа үздіксіз жеткізілуіне қатысты тәуекелдерді төмендетуі мүмкін. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу