Түркияда Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай конференция өтті

1196

Қазақстан Елшілігінің ұйымдастыруымен және Еуразия жазушылар одағы мен "Көк Ту" қазақ мәдениеті қоғамының қолдауымен "Тіл туының тұғыры – Ахмет Байтұрсынов" атты ұлт ұстазының туылған күні және Қазақстан халқы тілдері күніне арналған конференция өтті.

Түркияда Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай конференция өтті

Аталған іс-шараға Қазақстан Елшісі Еркебұлан Сәпиев, Памуккале университетінің оқытушысы проф. док. Нергис Бирай, Еуразия жазушылар одағының төрағасы док. Якуп Өмероғлу, Анкара Хажы Байрам Вели университетінің оқытушысы проф. док. Гүлжанат Құрманғалиева-Ержиласун, Хаджеттепе университетінің оқытушысы, проф. док. Өзкүл Чобаноғлу, зиялы қауым, БАҚ өкілдері және қазақ-түрік студенттер қатысты.

Елші өз сөзінде А.Байтұрсынұлы XX ғасыр басындағы қазақ зиялыларының көрнекті өкілі, қазақтың әліпбиін қолданысқа енгізіп қазақ тілінің аясын кеңейткенін және қазақ халқының тәуелсіздікке қол жеткізіп, сол кездегі дамыған елдермен терезесі тең болуы үшін жүргізген күресі мен еңбектеріне тоқталып өтті.

Г. Құрманғалиева Ержиласун өзінің баяндамасында Ахмет Байтұрсынұлының өмірі, ғылыми еңбектері, қазақ ғылымына қосқан орасан зор үлесі жайында баяндама жасады.

Н. Бирай Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілінің әліпбиі, оның оқытылуы, тіл жөніндегі пікірлері, қазақ терминологиясы және қазақ әдебиетінің оқыту мәселелері туралы зерттеген ғылыми жұмыстарына кеңінен тоқталып өтті.

Өз сөзінде Я. Өмероғлу "Алаш" қозғалысы Қазақстандағы жаңашылдық пен жасампаздықтың, дамудың көшбасшы бағыты болып табылатынын атап өтті. Сонымен қатар Я.Өмероғлу биылғы "Кардеш калемлер" журналының қыркүйектегі арнайы саны Ахмет Байтұрсынұлына арналып отырғанын хабарлады. Журналда ұлт ұстазының ғылыми мұралары мен мақалалары, сондай-ақ әр жылдары табылған қолжазбалары мен тұтынған жәдігерлерінің суреттері орын алған.

Ғылым докторы Ө. Чобаноғлу сөзінде Ахмет Байтұрсынұлы араб әліпбиін қазақ тіліне бейімдеп шығарғанын және бұл кітап сол кездегі қазақ халқының ағарту ісіне қосқан ерекше үлесі екенін баяндады.

Конференцияның аяғында Түркия университеттерінде білім алып жүрген студенттер мен докторанттар А. Байтұрсынұлының өлеңдері мен шығармаларын оқып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу