Түркияда бір тәулікте алты орман өрті тіркелді

357

​Түркияның Мугла провинциясында орман өрті бақылауға алынды, алайда оны толық сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Түркияда бір тәулікте алты орман өрті тіркелді Фото: Анадолу

Өрт Милас ауданындағы Бозбүк маңындағы орман алқабында кешкі уақытта тұтанған. Түнде тілсіз жаумен жерүсті күштері күрессе, таңертең өртті ауыздықтауға алты тікұшақ пен төрт ұшақ жұмылдырылды. Өртті сөндіру жұмыстарына жүздеген құтқарушы мен ондаған арнайы техника тартылған.

Түркияның Орман шаруашылығы бас басқармасы негізгі өрт ошағының бақылауға алынғанын мәлімдеді. Мугла провинциясының губернаторы Идрис Акбыйыктың айтуынша, бір тәуліктің ішінде өңірде алты орман өрті тіркеліп, оның бесеуі толық сөндірілген. Өрттің тез таралуына ауа температурасының жоғары болуы, ылғалдылықтың төмендігі және қатты жел себеп болған.

Қауіпсіздік мақсатында қонақүй мен тұрғын үйден тұратын туристік кешеннен 1 120 адам эвакуацияланды. Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері анықталып жатыр.

Айта кетейік, Түркияда жаз мезгілінде ауа райының өңірлерге қарай әртүрлі болуы салдарынан елдің әр аймағында табиғи апаттар қатар орын алуы мүмкін. Мәселен, былтыр Анталиядағы Манавгат ауданында орман өрті өршіген кезде, Қара теңіз өңірінде нөсер жауыннан су тасқыны мен көшкін болған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу