Қазақстан салған білім ошағы 2026 жылғы 14 қыркүйекте алғашқы оқушыларын қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
960 орынға арналған мектеп Түркиядағы жойқын жер сілкіністерінен кейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен бой көтерді.
Мектептің ашылу салтанатына "KazAID" Қазақстандық халықаралық даму агенттігінің Басқарма төрағасы Нұрғали Арыстанов, Газиантеп провинциясы губернаторының орынбасары Якуп Кылынчоглу, жергілікті қоғам өкілдері, ата-аналар мен оқушылар қатысты.
Білім ошағының ашылуы Қазақстанның табиғи апаттан зардап шеккен өңірді қалпына келтіруге қосқан үлесін көрсетеді. Сонымен қатар жоба екі ел арасындағы достық пен бауырластық қарым-қатынастың маңызды нышандарының біріне айналды.
Іс-шара аясында Нұрғали Арыстанов пен Якуп Кылынчоглу екіжақты кездесу өткізді. Тараптар Қазақстан мен Түркия арасындағы өзара іс-қимылдың перспективаларын және ынтымақтастықтың ықтимал бағыттарын талқылады.
Жаңа мектеп 960 оқушыға арналған. Мұнда 32 бастауыш сынып пен 4 мектепке дейінгі сынып жұмыс істейді. Қазіргі таңда білім беру мекемесінде 50 педагог еңбек етеді.
Мектепте оқушылардың сапалы білім алуына және жан-жақты дамуына қажетті заманауи инфрақұрылым қарастырылған. Білім алушылар үшін қолайлы жағдай жасалған.