Түркия президентін сайлау 2-кезеңге қалды: жеңіске 0,4% жетпей қалды

1049

Бірер минут бұрын дауыс саны алдын ала жарияланды

Түркия президентін сайлау 2-кезеңге қалды: жеңіске 0,4% жетпей қалды Фото: cnn.com

Жоғарғы сайлау комиссиясының бірер минут бұрын жариялаған мәлімдемесіне сәйкес, Режеп Тайып Ердоған 49,51, Кемаль Кылычдароғлы 44,88, Синан Оған 5,17, Мұхаррем Инже 0,44% дауыс жинады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі cnnturk.com-ға сілтеме жасап.

Яғни, президенттік сайлаудың екінші туры нақты өтеді. Өйткені, үміткерлердің ешқайсысы 50% межені жинай алған жоқ. Ресми нәтиже 18 мамыр күні жарияланады. 19 мамыр күні шетелде дауыс беру процесі басталады.

Айта кетерлігі, Түркия азаматтары үшін шетелде сайлау процесі елдегі белгіленген ресми датадан ертерек басталып, ерте аяқталады. Себебі, дауыс беру парақшалары ел ішінде, яғни, Анкарада саналады.

Алдын-ала ақпараттарға сәйкес, сайлау құқығына ие 60 миллионнан астам азаматтың 88,92% дауыс беруге қатысқан.

Еурокомиссия мен Еуропадағы ынтымақтастық және қауіпсіздік ұйымы сайлаудағы белсенділікті жоғары бағалап, екінші турда да осындай нәтиже күтетінін мәлімдеді.

Бір ерекшелігі, Түркияда президенттік сайлаудың екінші турға қалуы алғаш рет тіркеліп отыр. Үгіт- насихат жұмыстары бүгіннен бастап қайта басталады. 2 апта ішінде 50 мыңға жуық азамат 18 жасқа толады екен. Яғни, сайлау құқығына ие тұрғындар саны 50 мыңға толығады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу