Түркияда ұлттық мереке ұлықталды

737

Республика күніне орай Ыстанбұл нышандарының бірі Фатих Сұлтан Мехмет көпірі Қазақстан туының түсімен жарықтандырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz.  

Түркияда ұлттық мереке ұлықталды Фото: dknews.kz

Қазақстанның бас консулдығы ұйымдастырған шара Босфор бұғазының қақ ортасында ірі кемеде өтті.

Оған Түркияда оқып жатқан қазақстандық студенттер қатысты. "Валиде Сұлтан" атты кемеде қос елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалып, ұлттық әндер орындалды. Ыстамбұлдың бас консулы Әлім Байел арнаулы күнге әбден дайындалыпты. Ел тарихындағы маңызды күнді жастар жадында көпке дейін қалуын мақсат етіпті.

Қазақ-түрік стратегиялық ынтымақтастығының қарқынды дамып жатқанына тоқталған Ә.Байел Түркиядағы қазақтарды оның ілгерілеуіне үлес қосуға шақырды. Дипломат биылдың өзінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Түркияға және Түркия Президенті Р.Ердоғанның Қазақстанға мемлекеттік сапарларының өткенін атап өтті.

"Биыл біз алғаш рет Республика күнін Азия мен Еуропаның ортасында Босфор бұғазында атап өтіп жатырмыз. Азаматтарымызбен, студенттерімізбен бірге атап өтіп жатырмыз. Түркия біздің стратегиялық әріптесіміз. Біздің Республика күніміз 25 қазан болса, бұл елдің Республика күні 29 қазан. Бұл да өзіндік символдық мәнге ие", - дейді Қазақстанның Ыстамбұлдағы бас консулы Әлім Байел.

Мерекелік кештің шарықтау шегі Ыстанбұлдың символы болып саналатын Азия мен Еуропаны жалғап тұрған әйгілі Фатих Сұлтан Мехмет көпірінің кемедегі көпшіліктің бірауыздан берген белгісімен Қазақстан туының түстерімен жарықтандырылуы болды. Кеменің жан-жағы да көк байрақтарымызбен безендірілді. Бұл – Түркияның бауырлас елге деген құрметі.

Іс-шара соңында бас консулдықтың жұмыстарына атсалысып, белсенділік танытып жүрген азаматтар мен бір жыл бұрын Ыстанбұл университеттерінде оқитын студенттерімізді біріктіру үшін құрылған "Бірлік" қазақ жастары ұйымының мүшелері алғыс хаттармен, ал ойындардың жеңімпаздары арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу