Түркиялық холдинг Қазақстанда 2 қант зауытын салады

407

Инвестиция көлемі – 500 млн доллар.  

Түркиялық холдинг Қазақстанда 2 қант зауытын салады Фото: 7-su.kz

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Cengiz Holding түркиялық холдингі директорлар кеңесінің мүшесі Дженгиз Шабанмен кездесті, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Келіссөз барысында қант саласын дамыту болашағы, инвестиция тарту және аграрлық өнімдерді терең өңдеу бағытындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Қазақстанда барлығы 4 қант зауыты жұмыс істейді, олардың үшеуі жылына 870 мың тонна қант қызылшасын өңдеуге қабілетті. Алайда қантты жылдық тұтыну көлемі 500 мың тонна, ал отандық шикізаттан өндірілетін қант ішкі қажеттіліктің тек 14%-ын ғана қамтиды.

"Жаңа өңдеу қуаттарын құру және тұрақты шикізат базасын қалыптастыру – мемлекеттің негізгі басымдықтарының бірі. Cengiz Holding бастамасы азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған стратегиялық маңызды қадам", – деді министр.

Түрік холдингі Қазақстанда жылына 300 мың тоннаға дейін қант өндіретін 2 зауыт салу мүмкіндігін қарастырып отыр.

Әзірге қант өндірісін дамытуға лайықты жер ретінде Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарының климаттық жағдайлары, инфрақұрылымы және жер ресурстары зерделенуде.

Дженгиз Шабанның айтуынша, жоба аясында 10 жылға 500 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция қарастырылған.

Екі зауыттың құрылысын келесі жылы бастап, оларды екі жыл ішінде іске қосу жоспарланып отыр.

Жобаны жүзеге асыру ішкі нарықты қантпен қамтамасыз етуге, сондай-ақ мал азығы өнімдеріне, тамақ өнеркәсібіне арналған құрамдас бөліктер, техникалық спирт және басқа да өнімдер шығаратын қосалқы өндірістерді дамытуға жол ашады.

Тараптар жобаны жан-жақты пысықтап, жақын уақытта алдағы іс қимылды талқылауға келісті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу