Түркиялықтардың үміті ақталып, Еуропа мойындауға мәжбүр болды

702

Ыстанбұл әуежайы Еуропада ең көп жұмыс істейтін әуежай атанды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Түркиялықтардың үміті ақталып, Еуропа мойындауға мәжбүр болды Фото: mapei.com

Түркияның Ыстанбұл әуежайы Еуропада әуе қатынасының қарқындылығы бойынша көшбасшы атанып, әлемдік рейтингте 5-орынға көтерілді.

Бұл туралы Түркияның көлік және инфрақұрылым министрі Абдулкадир Уралоғлу EUROCONTROL ұйымының "Еуропа авиациясына жалпы шолу" есебіне сілтеме жасап хабарлады.

EUROCONTROL дерегінше, 1-7 қыркүйек аралығында Ыстанбұл әуежайы күніне орта есеппен 1 624 рейсті қабылдап-ұшырып, басқа еуропалық әуе тораптарынан озып шыққан. Осы көрсеткіш арқылы түрік әуе айлағы Париж, Франкфурт және Амстердам әуежайларын артта қалдырды.

Министр Уралоғлуның айтуынша, мұндай нәтижелер Түркияның халықаралық авиациялық хаб ретіндегі рөлін айқындай түсуде.

"Ыстанбұл әуежайы Еуропадағы көшбасшылықты сақтап қана қоймай, жаһандық деңгейде де позициясын нығайтып отыр", – деді ол.

Сонымен қатар, Түркия жалпы әуе қатынасы көлемі бойынша Еуропада алтыншы орынға тұрақтады. Ел аумағында тәулігіне орта есеппен 4 200 рейс орындалады. Бұл көрсеткіш бойынша Түркия Грекия, Нидерланды және Польша сияқты мемлекеттерді басып озды.

EUROCONTROL есебі соңғы жылдары әсіресе инфрақұрылымы белсенді дамып жатқан елдерде авиация саласының қарқынды қалпына келіп, жаңа деңгейге шыққанын айғақтайды.

Сарапшылардың пікірінше, Ыстанбұл әуежайының табысы – осы үрдістің айқын мысалы.

2018 жылы ашылған жаңа әуежай қысқа мерзім ішінде халықаралық жолаушылар ағынын еселеп арттырды. 2024 жылдың соңындағы мәліметке сәйкес, Ыстанбұл әуежайы 320 миллионнан астам жолаушыға қызмет көрсетіп, әлемдегі ең ірі әуе айлақтарының біріне айналды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу