Әмина Ердоған елорда тұрғындары арасында танымал "Еуразия" сауда орталығына барып, дүкен аралады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Сондай-ақ ол қаланың ескі бөлігіндегі сауда орталығында азық-түлік, бал, кептірілген жеміс-жидек және жергілікті өнімдер қойылған бөлімдерді де асықпай тамашалады.

Куәгерлердің айтуынша, Түркия президентінің жұбайын күзет қызметкерлері бірге алып жүрген. Ал сауда орталығының автотұрағында бірнеше көліктен тұратын кортеж күтіп тұрды.
Сонымен қатар Түркияның бірінші ханымы Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінде зертхананың ашылуына да қатысты. Зертхана экология, табиғатты пайдалану және агроэкожүйелер бағыттары бойынша студенттердің тәжірибеге бағытталған даярлығын дамытуға ықпал етеді.
Айта кетейік, Режеп Тайып Ердоған 13 мамыр күні Астанаға ресми сапармен келген. Оны әуежайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды.